Сәрсенбі, 27 қаңтар 2021 ЖЫЛЫ
4655 15-08-2019, 11:49

Қазақ КСР және Ресей Федерациясы кімнің отары болды?

«Қазақ КСР-ң саяси дербестігі болмағандығы үшін ғана оны отар деп есептеуге болады, өйткені оның басшылығы одақ орталығының (ол тіпті республика территориясын да өз қалауы бойынша пайдаланған) директиваларына үнсіз бағынуға мәжбүр болған». Бұл өте мықты дәлел сияқты. Бірақ мұнда екі қарама-қарсы сұрақ туындайды. Біріншісі – ал біз өзіміз және біздің элита саяси тұрғыда толығымен дербес болуды қалады ма? Екіншісі – бұл жағдайда нені немесе кімді метрополия деп есептеу керек? 

«Біртұтас және бөлінбейтін» елдің құрамындағы Автономия ма?

...Октябрь төңкерісінен кейін большевиктер қабылдаған алғашқы құжаттардың бірі «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы» болды. Ол 1917 жылдың 2 (жаңа стиль бойынша 15) қарашасында жария етілді және келесі негізгі принциптерді қамтыды: Ресей халықтарының теңдігі мен егемендігі; Ресей халықтарының өзін-өзі анықтау құқығы, тіпті бөлінуі мен дербес мемлекеттің құрылуына дейін; барлық және кез келген ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулерді жою.    

Осылайша, сол сәтте өз әлсіздігін түсінген «қызылдар» отарлық шеттердегі саяси элиталардың ұлт-азаттық көңіл-күйіне икемденуді шешті. Олар билікті ұстап қалу үшін тіпті елеулі аумақтардан айырылуға дайын болды. Бірқатар ұлттық құрылымдар түскен мүмкіндікті пайдалануды баяулатпады, осылайша «егемендіктер шеруі» басталды. Тәуелсіз мемлекет ретінде 1917 жылдың 18 қарашасында Латвия Республикасы жарияланды, 11 желтоқсанда – Литва Республикасы, дәл сол айда кеңес үкіметі Финляндияның және Украинаның тәуелсіздігін мойындады, келесі жылдың ақпан айында Эстонияның кезегі келді...

Ақ қозғалыстың көшбасшылары болса (Колчак, Деникин және т. б.) бүкіл азаматтық соғыс бойы тіпті автономияларды құруға жол бермей отырып, «Ресей біртұтас және бөлінбейді!» – деген негізгі қағидатына адалдық сақтаған болатын. Басқаша айтқанда, большевиктер ұлттық шеттеріне әлдеқайда көп еркіндік беруге уәде бере отырып (кем дегенде, декларация деңгейінде – бірақ кейін не болатынын сол кезде кім нақты біле алды?) және сол арқылы жауды тактикалық түрде жеңіп алды. Айтпақшы, 1921 жылы кадеттер лидері, ақ қозғалыс идеологтарының бірі Милюков «Біздің түбімізге жеткен дәл осы: «Ресей біртұтас және бөлінбейді» деген лозунг» – деп мойындады.

Сонымен қатар, дәл осы империялық ұранды ұстанған күштердің жағында «Алаш» қозғалысы болды. Ал оған қазіргі кезде көптеген адамдар біздің тәуелсіздігіміздің бастапқы бұлағы ретінде құрмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, оның қарулы отрядтарының басшылығында Ресей тарапынан Орталық Азия аймағының отарлауда маңызды рөл атқарған және оны жиі «жазалау құралы» болып қызмет еткен казачествоның өкілдері тұрды. Әрине, сол кездегі қарама-қайшы уақыт оқиғаларын бүгінгі күннің өлшемдерімен бағалауға болмайды, бірақ... Қалай болғанда да, «Алаштың» қазіргі апологеттері оны идеализациялап отырып және сонымен бір мезгілде Ресейдің отаршылдық саясатының символы ретінде Георгий ленталарымен соғысқан кезде – бұл нәрсе сұрақтар тудырмауы мүмкін емес. Алайда, мұндай дуализм мен «Алаштың» және оны көтермелеп жүргендердің табиғатын анықтаумен кәсіби тарихшылар мен когнитивті психология бойынша мамандар айналыссын. 

«Алаштанушылардың» кейбіреулері қозғалыс көшбасшылары Кассандраның дарынына ие болды деп және тіпті сол кезде (1917-ші жылдардың соңында – 1918-ші жылдардың басында) он бес жылдан кейін большевистік режим немен жалғасатынын біліп (ашаршылық, саяси қуғын-сүргіндер), сол себепті баррикаданың басқа жағына тұрды деп айта алады. Жақсы, солай-ақ болсын. Бірақ «алашшылар» қол жеткізуге тырысқан Ресей құрамындағы қазақ автономиясын олар емес, өйткені олар жеңіліске ұшырады, ал большевиктер құрған болатын – олардың бір бөлігі өз жеңілісінен кейін сол большевиктерге қосылған болатын. Оның үстіне ол сол кезде Кеңес үкіметі көшіп алған Кремльдің белсенді қолдауымен қалыптасқан. 

Біртүрлі оғаштау «метрополия»

... 16 жыл бойы РСФКР құрамында болғаннан кейін, Қазақ АССР  1936 жылы біршама жоғары статусқа ие болып, одақтас республикаға айналды. Басқаша айтқанда, тағы да большевиктер басшылығының еркі бойынша Қазақстан Ресей құрамынан шықты, және, Конституцияға сәйкес, Ресеймен мүлдем тең құқықтарға ие болды, олардың ең бастысы 1936 жылғы Негізгі Заңның 17-бабында бекітілген «КСРО-дан еркін шығу» құқығы болған. Әрине, сол кезде одақ субъектілерінің қандай да біреуі Конституцияның осы нормасын (ол оның келесі, 1977 жылғы редакциясында да сақталған) пайдалануға тырысады деп ешкім де ойламаған. Оның үстіне одан шығу тетігі жазылмаған. Бірақ жарты ғасырдан кейін басқа уақыт келді, және ешкім де күтпеген нәрсе орын алды. Нәтижесінде Қазақстан жеке мемлекетке айналды, ал, мысалы, 1936 жылға дейін онымен бірдей мәртебесі болған Татарстан мен Башқұртстан сол қалпы Ресей Федерациясының субъектілері болып қалды.  

Сонымен, Қазақстанның болашақ тәуелсіздігін Сталин басқарған большевистік билік, оны өзі де болжамастан, сыйлаған болып шықты. Сол биліктің кесірінен үш-төрт жыл бұрын біздің өлкемізде масштабтары бойынша апатты, әр түрлі бағалаулар бойынша, бір-бір жарым миллионға жұық қазақтардың өмірін алып кеткен жаппай ашаршылық орын алды. Біздің республикамыздың мәртебесін өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде оны қандай себептер қозғағанын ешкім де нақты білмейді. Уақыт өте келе тарихшылар бұл сұраққа да айқындық еңгізеді деп үміттенеміз. 

Енді Одақ қалай бөлінгенін және оған халықтық пен Қазақстан элитасының орын алып жатқан процестерге қатынасы қандай болғанын еске түсірейік. 1991 жылдың наурыз айында референдум өтіп, онда мынадай сұрақ қойылды: «Сіз Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын кез келген ұлттың адам құқықтары мен бостандықтарына толық кепілдік беретін тең құқықты егемендік республикалардың жаңартылған федерациясы ретінде сақтау қажет деп есептейсіз бе?» Қазақстанда ол Жоғарғы Кеңестің шешіміне сәйкес біршама ерекше: «Сіз тең құқықты егемен мемлекеттер одағы ретінде КСР Одағын сақтауды қажет деп есептейсіз бе?» - деп тұжырымдалды. Дегенмен, екі нұсқада да бір ел болу керек пе деген мәселеге байланысты негізгі сұрақ болды. Сол уақытқа таман өздерінің тәуелсіздік бағытын жариялап қойған Балтық жағалауы республикаларының, Грузияның, Арменияның, Молдавияның билігі референдум өткізуден бас тартты. Мінеки, референдумның нәтижелері осындай болды:

КСРО сақтау туралы Бүкілодақтық референдумның нәтижелері (1991 жылғы 17 наурыз)

Республикалар

Қатысты

«Иә»

«Жоқ»

РСФКР

оның ішінде Мәскеу

оның ішінде Свердловск

75,4%

71,3%

26,4%

67,9%

50,0%

46,1%

Мәлімет жоқ

34,2%

62,4%

Украин КСР

83,5%

70,2%

28,0%

Белорус КСР

83,3%

82,7%

16,1%

Өзбек КСР

95,4%

93,7%

5,2%

Қазақ КСР

88,2%

94,1%

5,0%

Әзірбайжан КСР

75,1%

93,3%

5,8%

Қырғыз КСР

92,9%

96,4%

4,0%

Тәжік КСР

94,4%

96,2%

3,1%

Түркімен КСР

97,7%

97,9%

1,7%

КСРО бойынша

79,5%

76,43%

21,7%

 

Бұл 1991-ші жыл – халық депутаттарының бірінші съезінен кейін және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы әділ сайлауынан кейін, «құлпырған демократия» мен жариялылық уақыты болғанын ерекше атап кету жөн болар. Ол кезде ешнәрседен қорықпауға болатын. Айтпақшы, Ресейдің ірі қалаларында: Мәскеу мен Ленинградта жартысы дерлік, Свердловскіде тіпті үштен екісі Одақтың сақталуына қарсы дауыс берді. Жалпы алғанда, Ресей Федерациясы бойынша КСРО-ны қолдауға 71,3% дауыс берілді, Қазақстанда – 94,1%, Орта Азияның кейбір республикаларында – 96,2-ден 97,9%-ке дейін. Сонда «метрополия» тұрғындары, әсіресе оның басты орталықтарының тұрғындары «империя» құрамынан шығуды «отарланған» халқынан гөрі көбірек дәрежеде қалаған болып шаққаны ма? Шынымен де бұл біртүрлі оғаштау емес пе? 

Енді элиталардың позициясы жөнінде. Тіпті 1990 жылдың 12-і маусымында Ресейдің барлық өңірлерінен келген РСФКР Халық депутаттары басым көпшілік дауыспен (907 «қолдады» және тек 13 «қарсы» болды), осы мағынада Украина мен Қазақстанды қоса алғанда, басқа да көптеген республикаларды басып озып, мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдады. Сонда әңгіме кімнен немесе неден тәуелсіздік жөнінде болып отыр? Одақтас орталықтан, ал оның атынан бүкіл КСРО-дан тәуелсіздік деп түсіну қажет болар.  

Одақтың ақыр-соңғы «жерлеуі» де Ресейдің жоғары саяси басшылығының бастамасы бойынша өткізілген, ал оның Жоғарғы кеңесі Беловеждік келісімді ратификациялап, оны қолдаған болатын). Яғни, Қазақстан басшыларын орын алған фактінің алдына қойды. Ал егер заттарды өз аттарымен атайтын болсақ, өздеріңіз қалағандарыңша өмір сүріңіздер деп бізді қаза тапқан елден желкелеп (айтпақшы, кейінірек рубль аймағынан да) қуып шыққан.  

Бүкіл айтылғанды ескере отырып, біз шын мәнінде тәуелсіздікке өздігімізден ұмтылғанбыз, ешкімге де жалтақтамастан, өзіміздің мемлекетті құруға тырысқанбыз деп айтуға бола ма? Отарлық дүнуді бастан кешкен және кісеннен шығуды қалайтын халық пен оның элитасы өздерін осылайша ұстаушы ма еді? Әлде десе де бізге бостандықты әркімдер (алдымен басты большевик Ленин (1920), одан кейін тиран Сталин (1936), ал содан кейін билік үшін шайқастары Одақтың түпкілікті ыдырауына әкеліп соққан Горбачев пен Ельцин жолдастар (1991).) өз уақытында бөлшектеп берді деген пікірмен келіскеніміз жөн болады ма? 

Кім кімге қысым жасады?

Сөз жоқ, КСРО Конституциясымен жарияланған оның субъектілерінің құқықтары мен өкілеттіктері көбінесе формальды сипатқа ие. «Одақтас республикалардың аумағы өздерінің келісімінсіз өзгертілуі мүмкін емес» (автономиялық құрылымдарға бұл норма таралмады) деп айтылған «сталиндік» Негізгі Заңның 18-бабын алсақ та жеткілікті болады. Бірақ, егер одақтық орталық талап етсе, мойынсұнбағаны үшін тіпті жазалаумен қорқытатын болса, қарсы сөйлеп көріңіз. 

Мұндай келісім республикалық парламенттің шешімімен ресімделуі тиіс еді, алайда процедураны жиі оңайлататын. Айталық, 1963 жылы Шымкент облысының бірқатар аудандарын Өзбекстан құрамына беру кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен (екі ондаған адамнан тұратын басқарушы орган) шектелді, алайда, 100-ге жуық адам болған барлық ҚК депутаттарының қатысуымен дауыс беру жүргізілуге тиіс болған еді.

Бүгінгі таңда Қазақстан картасын қайта құруға басқа да талпыныстар жасалғанын атап өткен көптеген жарияланымдарды кездестіруге болады: орталық Маңғышлақ түбегін Түркмениянға ма, Әзірбайжанға ма бермекші болған екен, солтүстік бес облыстан тұратын Тың өлкесін Ресейге беруге тырысқан (басқа нұсқасы бойынша, оның басшысы Соколов өлкені 16-шы одақтық республиканы құруды көздеген болған). Осының барлығы Хрущевтың басқаруына тура келді, ол мұндай мәселелерде шын мәнінде ешкіммен санаспаған.

Бірақ оның шешімдерінен Ресей Федерациясы да аз зардап шекпеді. Хрестоматиялық мысал – 1954-ші жылы Қырым түбегін Украинаға беру тарихы. Айтпақшы, бұл жағдайда келісуді РСФКР Жоғарғы Кеңесі емес, төралқасы ресімдеді, ол Путинге сол кезде қабылданған актіні заңсыз деп атауға себеп берді. Бүгінгі күні біз Қазақстан аумағына қатысты одақтық орталық ойына келгендей билік ететінін айтқан кезде, біз осының барлығы Ресейге де толық қатысты болғандығын түсінуіміз керек.

Мәселен, мұнда Семей ядролық полигонын құрды – сол жерде ұқсас мақсаттарға Жаңа жер архипелагын пайдаланған (сондай-ақ сынақтар Астрахан және Орынбор облыстарында да жүргізілді). Мұнда кең көлемді жерлерді мелиорациялау басталды, бұл Аралдың құрғап қалуына әкеліп соқты, – Ресейде Сібір өзендерінің ағынының бір бөлігін Орта Азияға ауыстыру жобасын іске асыруды көздеген, егер қайта құру басталмаған болса, ол Ресей қоғамының наразылықтарына қарамастан іске асырылуы мүмкін еді. Және т. б. Өйткені, Конституцияға сәйкес, одақтас республикалар мұндай мәселелерде дербестікке ие болса да, орталық оларды біртұтас мемлекеттің бір бөлігі ретінде қарастырған болатын. Ал Ресей мен Қазақстан ең үлкен және осы контексте, аз қоныстанған аумақтар болғандықтан, бірінші кезекте олардың жерлеріне көз салатын. 

Сонымен қатар, кеңес уақытында ресейліктердің арасында РСФКР (80%-тен астам орыстардан тұратын) барлық қалған республикаларды дотациялайды, яғни азықтандырады, бірақ бұл ретте одақтық орталықтан басқалардан гөрі азырақ алады, сондықтан бұл оның халқының өмір сүру деңгейіне әсер етеді деп есептелетін. Ал беделді жазушылар Белов, Распутин, тіпті Солженицын туралы айтпағанда, кеңес билігінен ешкім де орыс шаруасы сияқты зардап шеккен жоқ деп айтқан. Тіпті РСФКР-да өзінің Компартиясының болмауын (ол тек 1990 жылдың 22 маусымында ғана пайда болды, яғни мемлекеттік егемендік туралы актіні қабылдағаннан кейін) көптеген адамдар кемсітушілік ретінде қабылдаған болатын.  

Осындай пікірлермен және бағалармен, әрине, келіспеуге болады. Бірақ, ресейліктердің дәл осындай сезімі, жоғарыда айтылғанмен қоса, оларды референдумда «наразылық» дауыс беруг және басқа республикалардың көбінен бұрын егемендік жариялауға итермелеген. Ал бұл қысымға ұшырап отырған халықтың сезімі…

Осыдан мынадай сұрақ туындайды: егер кеңестік Қазақстан отар болса, онда ол кімнің отары болды? Дәл осындай жағдайда болған Ресейдің отары болды ма? Ал ондай жағдайда нені метрополия деп есептеуіміз қажет?...

 

Фото: Eurasianet

 

Комментарии